Әлеумет

Астанадан Қосшыға дейін LRT желісі 2027 жылдың соңына дейін іске қосылады

Астанада Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің екінші кезеңінің құрылысына байланысты Сығанақ, Айтматов көшелері мен Тұран даңғылында көлік жүргізушілеріне уақытша қолайсыздықтар туындады. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желіде мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оның айтуынша, құрылыс жұмыстары кезінде көлік қозғалысын барынша қамтамасыз етуге күш салынады. Тұрғындардан уақытша шектеулерге түсіністікпен қарау сұралды.

Қазір LRT желісінің Қосшы қаласына қарай бағытталған екінші кезеңінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоспар бойынша, осы учаскедегі барлық жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтап, қозғалысты ашу көзделген.

Сонымен қатар Айтматов көшесі мен Тұран даңғылы бойындағы желінің құрылысы да басталады. Осыған байланысты биылғы жылдың соңына дейін және келесі жылы аталған көшелер мен даңғылда уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін.

Жоба аясында Сығанақ көшесінің бойындағы №201 станцияда екі деңгейлі ауысып міну торабының құрылысы басталған. Мұнда LRT желісінің №2 және №3 бағыттары түйіседі. Жолаушылар көшеге шықпай-ақ, бір бағыттан екіншісіне ауыса алады.

Жоба авторларының айтуынша, жаңа көлік желісі елордадағы жол жүктемесін азайтып, қоғамдық көліктің өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бүгінге дейін жолаушылар Tarlan Astana желісімен 13,8 миллион рет қатынаған.