Әлеумет

«Самұрық-Қазына» Нұрлан Жақыповтың ұсталуынан кейін мәлімдеме жасады

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты түсініктеме берді. Қор өкілдері құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта уәкілетті органдар тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.

«Қор Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында құқық қорғау органдарымен жан-жақты ынтымақтасып жатыр. Қажетті өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, сұратылған ақпарат пен материалдарды ұсынып отыр», – делінген хабарламада.

Еске салайық, бүгін «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиев пара алу ісі бойынша ұсталғаны хабарланды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті олардың жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен тергеліп жатқанын растады.

«Самұрық-Қазына» – Қазақстанның мұнай-газ, көлік, энергетика және телекоммуникация салаларындағы ірі стратегиялық компанияларын біріктіретін ұлттық әл-ауқат қоры. Оның құрамына «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Қазатомөнеркәсіп», Air Astana, «Қазақтелеком» және KEGOC сияқты компаниялар кіреді.