Әлеумет

Ұшақ апатынан аман қалған 12 жастағы қыз мұхитта тоғыз сағат бойы жалғыз болған

2009 жылы Комор аралдарының маңында жолаушылар ұшағы Үнді мұхитына құлаған. Борттағы 153 адамның ішінен тек 12 жастағы қыз ғана аман қалған. Ол ашық мұхитта тоғыз сағаттан астам уақыт бойы ұшақтың сынығына жабысып, құтқарушыларды күткен, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оқиға 2009 жылғы 30 маусымға қараған түні болған. Yemenia әуе компаниясының Airbus A310 ұшағы Комор аралдарының астанасы Морони қаласындағы әуежайға қонуға жақындағанда апатқа ұшыраған.

Ұшақ Йемен астанасы Сана қаласынан ұшып шыққан. Бортта 142 жолаушы мен 11 экипаж мүшесі болған. Олардың арасында Франция азаматтары және Францияда тұратын коморлықтар да бар еді.

Ұшақ мұхитқа құлаған

Қонуға жақындаған кезде аймақта жел күшейіп, оның екпіні сағатына 56 шақырымға дейін жеткен. Сонымен қатар, ұшақтың қонуына көмектесетін кейбір жарық белгілері жұмыс істемеген.

Тергеу қорытындысына сәйкес, ұшақ белгіленген бағыттан ауытқып, биіктігін тез жоғалта бастаған. Ұшқыштар жағдайды түзетуге тырысқанымен, әуе кемесі басқару тұрақтылығын жоғалтып, Үнді мұхитына құлаған.

Апат салдарынан 152 адам қаза тапты. Тек 12 жастағы Бахия Бакара ғана тірі қалған. Ол анасымен бірге ұшып бара жатқан. Анасы апаттан аман қалмаған.

Қыз тоғыз сағат бойы мұхитта болған

Ұшақ суға құлағаннан кейін Бахия есін жиғанда өзін мұхиттың ортасында жатқанын түсінген. Ол жүзе де алмаған. Соған қарамастан, су бетінде қалқып жүрген ұшақ сынығына жармасып, жағаға жетуге үміттенген.

Қызды құтқарушылар емес, іздеу жұмыстарына қатысқан балықшылардың бірі байқап қалған. Ол Бахияны судан алып шыққан.

Кейін қыз ауруханаға жеткізілді. Оның жарақат алғаны белгілі болды. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалаған.

Бахияның оқиғасы әлемдік БАҚ-тың назарын аударды. Кейін ол басынан өткен жағдай туралы «Тірі қалған» атты  кітап жазды.

Апатқа не себеп болған?

Апатты Комор аралдарының авиациялық органдары Франция, Йемен және АҚШ мамандарымен бірге зерттеген. Тергеудің қорытынды есебі 2013 жылғы 25 маусымда жарияланды.

Комиссия ұшқыштардың қону кезінде жіберген қателіктерін апаттың негізгі себебі деп таныған. Бұған қолайсыз ауа райы, экипаждың дайындық деңгейі және қону тәртібінің сақталмауы да әсер еткен.

Ұшақтың қара жәшіктері мұхиттың шамамен 1 200 метр тереңдігінен 2009 жылдың тамызында табылған.