Әлеумет

«Чемоданмен бума-бума доллар лақтырған»: «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары ұсталды

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Орыншиевті ұстады. Олар пара алуға оқталды деген күдікке ілінген, деп хабарлайды buginmedia.kz.

ҰҚК мәліметінше, екі басшы 11 қарашада ұсталған. Олармен бірге басқа да адамдар қолға түскен. Қазіргі уақытта Нұрлан Жақыпов пен Елжас Орыншиев уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабының 4-бөлігі бойынша, яғни пара алуға оқталу дерегімен айып тағылып отыр. Ведомство тергеу құпиясына байланысты істің өзге мән-жайын жарияламады.

Оқиға чемодандағы доллармен байланысты ма?

12 қарашада әлеуметтік желіде Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешенінің маңында терезеден ақша толы чемодан лақтырылды деген ақпарат тарады. Куәгерлердің жазуынша, чемоданда доллар болуы мүмкін.

Алайда ҰҚК бұл оқиғаның Жақыпов пен Орыншиевтің ұсталуына қатысы бар-жоғын әзірге растаған жоқ.

Олар кімдер?

Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» қорын 2023 жылғы сәуірден бері басқарып келеді. Бұған дейін Қазақстанның инвестициялық даму қорының басқарушы компаниясын басқарған. Сондай-ақ Rothschild & Co инвестициялық банкінің Қазақстандағы өкілі болған.

Елжас Орыншиев «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшылығына 2026 жылғы шілдеде келген. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорында стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директор қызметін атқарған.