Әлемде

Сәби кезінде ажыратылған туған бауырлар бір-бірін 80 жылдан кейін тапты

АҚШ-та сәби кезінде екі бөлек отбасыға берілген ағалы-қарындас 80 жылдан кейін бір-бірімен қауышты. Дональд Хефке мен Мэриан Гриффин бір-бірінен ажырағаннан кейін өмір бойы бөлек өскен. Оларды табуға заманауи ДНҚ-тесті мен генеалогиялық деректер көмектесті, деп хабарлайды buginmedia.kz ABC News-ке сілтеме жасап.

Дональд пен Мэриан Чикаго қаласында дүниеге келген. Екеуінің жас айырмашылығы шамамен бір жыл. Отбасында олардан бөлек тағы бір үлкен ағасы болған.

Мэриан дүниеге келгеннен кейін анасы ауыр психологиялық жағдайға байланысты арнайы мекемеге орналастырылған. Ал әкесі үш кішкентай баланы жалғыз асырай алмағандықтан, оларды әртүрлі отбасылардың қамқорлығына берген.

Сол кезде Дональд бір жаста, ал Мэриан небәрі сегіз айлық болған. Қызды кейін лютеран дін қызметкері асырап алса, ұл бала біраз уақыттан кейін басқа отбасының қолында тәрбиеленген. Осылайша бауырлар бір-бірінен ажырап, бөлек өскен. Тіпті Мэриан өзінің ағасы бар екенін білмеген.

Дональд туған отбасын іздеуді 1963 жылы бастаған. Сол кезде оған Мэриан есімді қарындасы бар екені айтылған. Алайда оны табуға жасаған алғашқы әрекеттері нәтиже бермеген. Ер адамның қызы Дениз Бейкердің айтуынша, қарындасының асырап алған ата-анасы ағасының хаттарын жасырған.

Кейін іздеуге Дениздің өзі кіріскен. Ол 20 жылдан астам уақыт бойы құжаттарды зерттеп, интернет пен генеалогиялық деректер базасынан туыстарын іздеген.

Ақыры іздеу жұмыстары ДНҚ-тест арқылы нәтижесін берді. Дениз Мэрианның ұлы Ancestry платформасына генетикалық тест нәтижелерін жүктегенін байқап, олардың арасында туыстық байланыс болуы мүмкін екенін анықтаған. 2024 жылдың шілдесінде Мэриан отбасына ағасы туралы ақпарат жеткен.

Алғашында 80 жастағы әйел бұл жаңалыққа сенбей, өзін алдап жатыр деп ойлаған. Алайда бірнеше рет сөйлескеннен кейін оның шынымен ағасы бар екеніне көзі жеткен.

Қазіргі уақытта Дональд 81 жаста, ал Мэриан 80 жаста. Олар әзірге жеке кездескен жоқ. Ер адам Флоридада, ал қарындасы Калифорнияда тұрады. Денсаулығына байланысты Дональд ұзақ сапарға шыға алмайды. Сондықтан 2025 жылдың маусымында оның қызы Дениз тәтесімен кездесуге барған.

Мэриан бір күні ағасын құшақтап, жүздесуді армандайтынын айтады. Ол туған-туысын іздеп жүрген адамдарды үмітін үзбеуге шақырған.