Әлемде

Ер адам мұхит ортасында апатқа ұшырап, 133 күн жалғыз өмір сүрген

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс сүңгуір қайығы шабуыл жасаған кемеден аман қалған қытайлық теңізші Пун Лим Атлант мұхитының ортасында құтқару салымен жалғыз қалып қойған. Ол ашық мұхитта 133 күн бойы тіршілік үшін күресіп, ақыры аман қалған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оқиға 1942 жылдың қарашасында болған. Ол кезде 24 жастағы Пун Лим Ұлыбританияның Benlomond сауда кемесінде қызмет еткен. 10 қарашада кеме Кейптауннан шығып, Атлант мұхиты арқылы сапарға аттанады. Алайда 23 қарашада оған немістің U-172 сүңгуір қайығы шабуыл жасап, кеме небәрі екі минуттың ішінде суға батқан.

Пун Лим суға құлағанымен, құтқару кеудешесінің арқасында аман қалған. Шамамен екі сағаттан кейін ол ағаш құтқару салына жетеді. Салдың ішінде аздаған азық-түлік, су, шам және белгі беруге арналған құралдар болған.

Алғашында теңізші өзін көп ұзамай құтқаратынына сенген. Бірақ күндер өтіп, ешкім келмеген соң, аман қалу үшін өз бетінше әрекет етуге мәжбүр болады.

Балық аулап, жаңбыр суын жинаған

Азық-түлік пен ауызсу қоры таусыла бастағанда, Пун Лим күнкөрістің амалын іздейді. Мұхит суын ішуге болмайтындықтан, ол жаңбыр суын жинауға кіріскен. Ол үшін матаның бөліктері мен құтқару кеудешесінің материалдарын пайдаланған.

Балық аулау үшін шамның ішіндегі сымнан қармақ жасап, жіпті арқаннан дайындаған. Ал жем ретінде қалған кепкен нанды қолданған. Ұстаған балығын қолдан жасаған пышақпен тазалап, бір бөлігін күнге кептіріп сақтаған.

Уақыт өте келе теңізші салға қонған құстарды да аулауды үйренген. Алайда оның өміріне дауыл мен ашық мұхиттағы акулалар да қауіп төндірген. Қатты жел соққанда салдан құлап кетпеу үшін өзін арқанмен байлап отырған.

Бірнеше рет байқағанмен құтқармаған

Пун Лим мұхитта жүрген кезінде бірнеше рет басқа адамдардың көзіне түскен. Бірде жанынан өткен кеме экипажы оны байқаса да, көмек көрсетпеген. Кейін америкалық патрульдік ұшақ та теңізшіні көріп, суға белгі тастаған. Бірақ дауылдан кейін сал басқа бағытқа ығып кеткен.

Осылайша ол тағы біраз уақыт бойы мұхит ортасында жалғыз қалуға мәжбүр болған.

133 күннен кейін құтқарылды

1943 жылғы 5 сәуірде Бразилия жағалауынан шамамен 16 шақырым жерде жүрген балықшылар Пун Лимді байқап қалады. Теңізші киімін бұлғап, белгі берген. Балықшылар оны құтқарып, кемеге мінгізген.

Осылайша ол ашық мұхитта 133 күн өткізгеннен кейін аман-есен құрлыққа жеткен. Үш күннен соң Бразилияның Белен қаласына жеткізіліп, ауруханада төрт аптадай емделген.

Кейін Ұлыбританияға оралған Пун Лим батылдығы мен төзімділігі үшін король Георг VI атынан Британ империясының медалімен марапатталған. Оның теңіздегі тәжірибесі Корольдік әскери-теңіз күштерінің тірі қалу жөніндегі нұсқаулықтарын әзірлеуге де пайдаланылған.