Әлеумет

Абай облысында із-түзсіз жоғалып кеткен ер адам даладан өлі табылды

Абай облысында бір аптаға жуық уақыт бойы іздестірілген 44 жастағы Ринат Ахметовтің денесі табылды. Ол 4 қарашада үйінен шығып, қайта оралмаған. Бұған дейін ер адамның Lexus LX 570 маркалы көлігі Бородулиха ауданындағы жырадан табылған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 1982 жылы туған Семей тұрғынының мәйіті 11 қарашада сағат 15:40 шамасында табылған. Ол Нововасильевка ауылынан 35 шақырымдай қашықтықтағы ашық далада жатқан.

Полицияның алдын ала болжамы бойынша, ер адам үсіп қайтыс болуы мүмкін. Оның өлімінің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Жоғалған азаматты іздеуге 60-тан астам полиция қызметкері, оның ішінде арнайы жасақтың 30 қызметкері қатысқан. Сонымен бірге іздеу жұмыстарына 10 төтенше жағдайлар қызметкері, 50 әскери қызметші, төрт ерікті және Ринат Ахметовтің 10 туысы мен досы жұмылдырылған.

Жергілікті тұрғындар да іздестіру жұмыстарына көмектескен. Күрделі әрі жетуі қиын аумақтарды тексеру үшін 12 трактор мен полицияның екі квадроциклі пайдаланылған.

Марқұмның неден көз жұмғаны сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.