Петропавлда жоғалып кеткен 13 жастағы оқушы ешкімнің ойына кіріп шықпайтын жерден табылды
Петропавлда таңертең үйінен шығып, қайта оралмаған 13 жастағы оқушыны полиция бірнеше сағат іздеді. Ақыры баланы үйлердің бірінің жанындағы сәндік пештің ішінен тапқан. Ол жылынып аламын деп пешке кіріп, ұйықтап қалған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға 10 қарашада болған. Сол күні сағат 17:30 шамасында «102» арнасына Жұмысшы кентінің тұрғыны хабарласып, 13 жастағы ұлының жоғалып кеткенін айтқан. Бала таңертең үйден шығып, қайта оралмаған. Оның жанында ұялы телефоны болмаған.
Оқушыны іздеуге полицияның бірнеше бөлімшесі, патрульдік жасақтар мен арнайы жасақ қызметкерлері жұмылдырылды. Сонымен қатар кенттің жетуі қиын аумақтарын тексеру үшін үш дрон пайдаланылған. Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды да қарап шыққан.
Оперативтік басқару орталығында жұмыс істеген Петропавл қалалық полиция басқармасының екінші бөлімінің жедел уәкілі Торебек Калелов камералардан баланы байқап, оның Жұмысшы кентінің шетіндегі Зайцев көшесіне қарай жүрген бағытын анықтаған.
Шамамен сағат 18:30-да оқушы үйлердің бірінің жанындағы сәндік пешке кірген. Кейін полицейлерге жылынып аламын деп кіріп, ұйықтап қалғанын түсіндірген. Тәртіп сақшылары баланы сол жерден тауып, аман-есен үйіне жеткізген.
Полиция мәліметінше, бұған дейін бала үйінен кетіп, жоғалып көрмеген. Оның мұндай әрекетке бару себебін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция қызметкерлері анықтайды. Қазір баламен және ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілген.