Алты жасында ұрланған бала 73 жылдан кейін ДНҚ тесті арқылы табылды
АҚШ-та бала кезінде ұрланған Луис Армандо Альбино арада 73 жыл өткен соң отбасымен қайта қауышты. Оны табуға жиенінің қызығушылық үшін тапсырған ДНҚ тесті көмектескен, деп хабарлайды buginmedia.kz The Mercury News-ке сілтеме жасап.
Оқиға 1951 жылы 21 ақпанда Калифорния штатындағы Окленд қаласында болған. Ол кезде алты жастағы Луис 10 жастағы ағасы Роджермен бірге Джефферсон-сквер саябағында ойнап жүрген.
Сол кезде олардың жанына бейтаныс әйел келіп, испан тілінде сөйлескен. Ол Луиске тәтті алып беруге уәде етіп, өзімен бірге ертіп кеткен. Кейін әйелдің баланы ұрлап, АҚШ-тың шығыс жағалауына алып кеткені белгілі болды.
Луис бөтен отбасының қолында тәрбиеленген. Ал оның туған-туыстары баланы ұзақ жылдар бойы іздеген. Анасы Антония ұлының бір күні оралатынына үмітін үзбеген. Ол баласының жоғалғаны туралы газеттегі мақаланы әмиянында сақтап жүрген. Алайда анасы 2005 жылы ұлының тағдырын білмей өмірден өтті.
ДНҚ тесті құпияны ашты
2020 жылы Луистің жиені Алайда Алекин интернет арқылы генетикалық тест тапсырады. Нәтижесінде ол шығыс жағалауда тұратын белгісіз ер адаммен ДНҚ сәйкестігін анықтаған. Бірақ бастапқыда бұл нәтижеге аса мән бермеген.
2024 жылы Алайда отбасымен бірге ескі суреттерді қарап отырып, жоғалған ағасы туралы ойға келеді. Ол интернеттен ақпарат іздеп, бұрынғы газет жарияланымдарын зерттеген. Кейін Окленд полициясына жүгінген. Іздеуге ФБР мен АҚШ Әділет министрлігінің қызметкерлері де қосылған.
Қосымша генетикалық сараптама ер адамның шынымен Луис Армандо Альбино екенін растады. 2024 жылғы 20 маусымда туыстарына оның тірі табылғаны туралы хабар жеткен.
Ағайындылар 73 жылдан кейін кездесті
Сол жылдың маусымында Луис Калифорнияға оралып, әпкесімен, жиенімен және басқа да туыстарымен қауышқан. Ең әсерлі сәт – ағасы Роджермен кездесуі болды. Олар 25 маусымда 73 жылдан кейін алғаш рет жүздескен.
Луис өмірінде АҚШ теңіз жаяу әскерінде қызмет етіп, Вьетнам соғысына қатысқан. Әскерден кеткен соң өрт сөндіруші болып жұмыс істеген. Оның өз отбасы, балалары мен немерелері болған.
2024 жылдың шілдесінде Луис туыстарымен тағы кездесіп, Калифорнияда үш апта болған. Бұл оның ағасы Роджермен соңғы кездесуі еді. Себебі Роджер сол жылдың тамызында қайтыс болған.
Полиция Луистің кім екенін анықтаған соң із-түзсіз жоғалу ісін жапқанымен, баланы ұрлау оқиғасына қатысты тергеу жалғасқан. Алайда 1951 жылы баланы алып кеткен әйелдің кім екені әлі анықталмаған.