Шоу-Бизнес

«Үйге қонбайды, барлық жерден бұғаттайды»: танымал әзілкештің әйелі күйеуі туралы жазба жариялады

«Миллион» жайдарман тобы арқылы танылған әзілкеш Мансар Орынханның жұбайы Нұрайым Халила отбасындағы келеңсіз жағдай туралы жазды. Ол күйеуінің бірнеше күннен бері үйге келмей, өзін барлық жерде бұғаттап тастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Нұрайым Халила Instagram парақшасындағы Stories бөлімінде күйеуінің алты күн бойы үйге қонбағанын айтқан. Оның сөзінше, мұндай жағдай отбасында алғаш рет болып отырған жоқ.

«Бәлкім, қазір эмоциямен жазып отырған шығармын... Үйге қонбайды, хабарсыз кетеді, барлық жерден бұғаттайды. Алты күн өтті, Алматыда жүргенін білемін. Бірақ мен өз өмірімді сүремін. Оның жоқтығынан өмір тоқтамайды. Және бұл бірінші рет емес! Кеше тойға бардым, сол кезде ғана байланысқа шықты», – деп жазды ол.

Әзілкештің жұбайы үш баласымен баспанасыз қалғысы келмейтінін де жеткізді. Ол күйеуіне отбасына қатысты нақты шешім қабылдауды ескертіп, өзі тұрып жатқан үйден кетпейтінін айтқан.

«Қазір өзіне айтарым біреу: егер таңдауың көше болса, үйді бізге қалдыр. Бізді таңдамағаның үшін үш баламен тентіретпе. Мен бұл үйден кетпеймін, қусаң да», – деді Нұрайым Халила.

Әзірге Мансар Орынхан жұбайының жазбасына қатысты пікір білдірген жоқ.