«Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президенті мемлекетаралық іздеуге жарияланды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, 1954 жылғы 18 наурызда туған Қазақстан азаматы 414 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген.
Тергеу дерегіне сәйкес, күдікті бас бухгалтермен және өзге де адамдармен алдын ала сөз байласқан. Олар жалған қаржылық құжаттарды пайдаланып, бюджет қаражатын жеке шоттарға негізсіз аударуды ұйымдастырған. Сондай-ақ бухгалтерлік және салық есептілігіне жалған мәліметтер енгізген.
Атап айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы төлеу қоры және ұйымның жылдық жиынтық табысы төмендетіліп көрсетілген.
Айта кетейік, 2023 жылы «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының қызметін қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінген.
ҚМА іздеуде жүрген азаматтың қайда екені туралы қандай да бір ақпарат білетін адамдардан +7 (7172) 70-84-78 нөмірі арқылы агенттіктің кезекші бөліміне хабарласуды сұрайды.
Күдіктінің кінәсі сот шешімімен дәлелденген жоқ.