Әлеумет

«Балалар мен әйелдер зардап шегіп жатыр»: Нұртас Адамбайдың әйелі күйеуінің сұмдық жағдайға тап болғанын айтты

Қазақстандық режиссер Нұртас Адамбайдың жұбайы Ғалия Адамбай әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, отбасындағы жағдай туралы айтты. Оның сөзінше, күйеуі деструктивті ұйымның ықпалына түскен, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Ғалия Адамбай Instagram парақшасында бұл жағдайдан ең алдымен балалар мен әйелдер зардап шегіп жатқанын жазды. Сондай-ақ ол мамандардың қорытындылары мен тиісті құжаттарды жариялауға ниетті екенін жеткізген.

«Секта осылай жұмыс істейді. Оның зардабын балалар мен әйелдер тартып жатыр. Барлық құжаттар мен мамандардың қорытындыларын кейін жариялаймын. Бірақ қазір мен үшін балаларымның жағдайы бірінші орында. Нұртас әлі де "төрбекшілер" сектасының ішінде жүр. Оның айтқан сөздері мен әрекеттеріне жауап бермеймін», – деп жазды ол.

Режиссердің жұбайы бұл жағдайға Торебек Бекбаев есімді азаматтың қатысы бар екенін айтып, оны ұйымның жетекшісі деп атаған. Сондай-ақ заңгерлер мен салық мамандарының көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеген.

Айта кетейік, Нұртас Адамбай соңғы жылдары комедиялық фильмдерімен қатар, діни және қоғамдық тақырыптардағы пікірлерімен де танылған. 2022 жылы ол «Базз Лайтер» мультфильміндегі бір жынысты жұп бейнеленген көрініске қарсы шыққан еді.