Әлеумет

«Бұл ұрлық емес, ұрланған затты сатып алу»: Санжар Бокаевтың видеографы сотта жауап берді

Санжар Боқаевтың бұрынғы видеографы Ұлан Нүсіпқожа сотта гранит тақталарды ұрлау ісіне қатысқанын мойындап, оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Оның сөзінше, құрылыс алаңынан тақталарды әкету туралы бейнеролик екі рет түсірілген. Екінші түсірілімге Боқаевтың өзі де қатысқан, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Алғашқы түсірілім сәтсіз аяқталған

Ұлан Нүсіпқожаның айтуынша, 10 қыркүйекте ол гранит тақталарды манипуляторға тиеп, Талғар тасжолы бағытына алып кеткен сәтті видеоға түсірген. Сол кезде-ақ күмәнданғанын жасырмады.

«Мен Санжардан: "Бұл ұрлық қой?" деп сұрадым. Ол: "Қорықпа, бәрі дұрыс. Бұл ұрлық емес, ұрланған затты сатып алу, біз олардан сатып алып жатырмыз", – деп жауап берді», – деді видеограф сотта.

Оның айтуынша, алғашқы түсірілген видео Боқаевқа ұнамаған. Себебі тақталар қажетті жерге жеткізілмеген әрі түсірілім сапасы көңілінен шықпаған.

Кейін Боқаев видеографпен бірге тақталар түсірілген жерге барып, ритуалдық қызмет көрсететін мекеменің маңында қосымша кадрлар түсірген. Алайда монтаждалған видео да талапқа сай болмай, түсірілімді қайта жасау туралы шешім қабылданған.

Бокаевтың өзі түсірілімге қатысқан

Нүсіпқожаның сөзінше, келесі жолы гранит тақталарды тиеу және түсіру сәттері қайта түсірілген. Бұл жолы Боқаевтың өзі де оқиға орнында болған.

Видеографтың айтуынша, түсірілім аяқталған соң тақталар қайтадан манипуляторға тиеліп, бұрынғы орнына жеткізілген. Кейін осы кадрлардан әлеуметтік желіге жарияланған видео монтаждалған.

Сотта Нүсіпқожа гранит тақталарды ұрлау эпизоды бойынша тағылған айыппен келісетінін, алайда өзін қылмыстың ұйымдастырушысы немесе орындаушысы деп санамайтынын айтты.

Сондай-ақ ол Боқаевтың адамдарға көмектесіп, қайырымды істер жасағанын жоққа шығармайтынын, бірақ заңсыз әрекеттерге өзін араластырмауы керек болғанын жеткізді.

Айта кетейік, Санжар Боқаев гранит тақталарды ұрлауды ұйымдастырды деген айыппен қатар, Бау тоғайындағы ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыру, «ҚазТрансГаз» кәсіподағының қаражатын жымқыру және ақшаны жылыстату бойынша да айыпталып отыр. Боқаев өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.