Анна Данченко “Құрмет” орденімен марапатталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Анна Данченко мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапатталғаннан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ол бұл марапатты өмірден өткен ата-анасына арнайтынын айтты.
«Бұл марапатты ең алдымен өмір сыйлап, бойыма адамгершілік пен адалдықты сіңірген, тәлім-тәрбие берген аяулы Әкем мен Анама арнаймын! Менің әрбір жетістігімнің артында олардың ақ батасы, маған деген сенімі мен шексіз махаббаты жатыр. Бүгінгі қуанышымды өздерімен бөлісе алмасам да, осы биікке жетуіме себепкер болған ең асыл жандарымның рухына тағзым етемін», – деп жазды Анна Данченко.
Сондай-ақ ол марапатты қазақы орта мен ұлттық тәрбиенің, қазақ тіліне деген құрметінің жемісі деп санайтынын жеткізді.
«Қазақ тілі мен үшін тек қарым-қатынас құралы емес. Ол – менің болмысым, жүрегімнің үні, өмірлік таңдауым. Еліме, халқыма алғысым шексіз! Бұл марапатты үлкен жауапкершілік деп қабылдаймын. Әке, Анашым, бұл марапат – Сіздерге!» – деп жазды ол.