88 жастағы кейуана жерлеу рәсімі кезінде кенеттен тіріліп кетті
Чехияның Пльзень қаласында дәрігер қайтыс болды деп таныған 88 жастағы әйел жерлеу рәсіміне дайындық кезінде көзін ашқан. Кейін зейнеткер ауруханаға жеткізілгенімен, бірнеше күннен соң көз жұмды, деп хабарлайды buginmedia.kz Mothership-ке сілтеме жасап.
Оқиға 2025 жылғы 30 мамырда болған. Таңертең қарт әйелдің күйеуі жұбайының оянбай жатқанын байқап, шұғыл қызметке хабарласқан. Оқиға орнына келген медицина маманы әйелді қарап, қайтыс болды деген қорытынды жасап, тиісті құжаттарды рәсімдеген.
Осыдан кейін марқұмның денесі жерлеу қызметкерлеріне тапсырылған.
Табытқа салғанда көзін ашқан
Жерлеу рәсіміне дайындық кезінде күтпеген жағдай болған. Қызметкерлер әйелді табытқа салып жатқанда, ол кенеттен көзін ашқан.
Әйелдің тірі екенін байқаған қызметкерлер бірден жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер оның бойында өмір белгілері бар екенін растап, ауруханаға жеткізген. Алғашында қарт әйелдің жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты болған.
Дәрігерге қатысты тергеу басталды
Оқиғадан кейін Чехия полициясы әйелді қате түрде қайтыс болды деп таныған медицина маманының әрекетін тексере бастаған. Тергеушілер медициналық тексерудің қаншалықты мұқият жүргізілгенін және қажетті талаптардың сақталған-сақталмағанын анықтаған.
Дәрігерге қауіп жағдайындағы адамға көмек көрсетпеу күдігі қарастырылған. Медициналық маманды ұсынған компания оқиға үшін кешірім сұрап, кейін дәрігердің жұмыстан босатылғанын хабарлаған.
Арада бірнеше күн өткен соң көз жұмды
Өкінішке қарай, әйелді тірі күйінде анықтап, ауруханаға жеткізгенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Чехиялық Novinky және TV Nova басылымдарының мәліметінше, 88 жастағы зейнеткер 2025 жылғы 9 маусымда ауруханада қайтыс болған.
Полиция өкілі Дагмар Мифкова оның қайтыс болғанын растаған. Алайда өлімнің нақты себебі жарияланбаған.
Оқиға Чехияда үлкен резонанс тудырып, өлім туралы медициналық қорытынды жасамас бұрын адамның өмір белгілерін мұқият тексеру қажеттігіне назар аудартты.