Тоқаев: «Бір тілді басқа тілге қарсы қою – үлкен күнә»
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл ел бірлігін нығайтатын маңызды фактор екенін айтты. Сонымен қатар қазақ тілін дамыту өзге тілдердің дамуына кедергі болмауы керегін атап өтті, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Тоқаевтың айтуынша, қазақ тілін басқа тілдерге қарсы қоюға болмайды. Оның сөзінше, тіл мәселесін пайдаланып, қоғамда жанжал туғызуға тырысатын арандатушыларға заң аясында жауапкершілік жүктелуі керек.
«Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Басқаша айтқанда, ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды. Тілдерді пайдаланып, қоғамдық жанталас, жанжал жасағысы келетін арандатушылар өте қауіпті істермен айналысып жүр. Сондықтан оларды «Заң мен тәртіп» қағидасына сәйкес жауапкершілікке тарту керек», – деді президент.
Мемлекет басшысы кез келген тілге қарсы шығуды адамға берілген нығметке қарсы шығумен теңестірді.
«Бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайды. Бұл – үлкен күнә. Оның салдарын өз көзімізбен көріп жатырмыз. Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.