Әлеумет

Бензин бағасы 300 теңгеден аса ма? Энергетика министрі сарапшылар болжамына жауап берді

Сарапшылар пікірінше Қазақстанда 2027 жылдың соңына қарай АИ-92 маркалы бензиннің литрі 300 теңгеден, ал дизель отыны 400 теңгеден асуы мүмкін. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жанармай бағасына қатысты сарапшылардың осы болжамына түсініктеме берді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Сарапшылар мұндай өзгерісті Қазақстандағы жанармай бағасын көрші елдермен теңестіру қажеттілігімен байланыстырады. Сондай-ақ мұнай өңдеу, тасымалдау және өндірістік нысандарды күтіп ұстау шығындарының артуы да отын құнына әсер етуі мүмкін.

Алайда министр нақты бағаға қатысты болжам жасаудың қиын екенін айтты. Оның сөзінше, қазір Қазақстанда жанармай құны нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады.

«Қазақстанда жанар-жағармай бағасы ішкі сұраныс пен ішкі ұсынысқа байланысты қалыптасады. Мемлекет көтерме де, бөлшек те бағаны реттемейді. Біз бұл тәжірибеден 2024 жылғы ақпанда бас тарттық. Содан бері нарықтық баға қолданылады», – деді Ерлан Ақкенженов.

Министр қазіргі уақытта АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 253–271 теңге аралығында сатылып жатқанын айтты. Ал дизель отынының бағасы 356–367 теңге шамасында.

«Шынымды айтсам, болжам жасау – оңай шаруа емес. Қазір бензин мен дизель отынының қандай баға аралығында сатылып жатқанын айта аламын, ал қорытындыны өздеріңіз шығара беріңіздер», – деді министр.

Сонымен қатар ол жанармай бағасы күрт көтерілген жағдайда мемлекет нарыққа араласып, бағаны тұрақтандыруға қажетті шараларды қолданатынын жеткізді.

«Егер баға күрт өссе, мемлекет оны тежеу үшін барлық қажетті шараны қабылдайды. Ол үшін бізде барлық құрал бар. Біріншіден, елде жанармай қоры жеткілікті. Әр өнім түрінен 400 мың тоннадан астам қор бар. Сондай-ақ барлық мұнай өңдеу зауыты штаттық режимде жұмыс істеп, отын жөнелту қалыпты тәртіппен жүргізіліп жатыр. Алыпсатарлық сұраныс тудыратындай ешқандай жағдай жоқ», – деп мәлімдеді Ерлан Ақкенженов.

Айта кетейік, бұған дейін жанармайдың ірі жеткізушілері «ҚазМұнайГаз» бен «КС Energy» қараша айында АИ-92 бензині мен дизель отынының көтерме бағасын тоннасына 10 мың теңгеге көтеруді жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.