Алматыда «Байтақ» партиясының бұрынғы хатшысы ұсталды: 150 млн теңге жымқырды деген күдіккет ілінді
Алматыда белгілі эколог, блогер және «Байтак» экологиялық партиясының бұрынғы хатшысы Ерлан Қыдырбаев ұсталды. Ол ғылыми жобаларға бөлінген мемлекеттік грант қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Алдын ала есеп бойынша, мемлекетке келтірілген шығын 150 миллион теңгеге жуық. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Журналистің құқық қорғау органдарындағы дереккөздерге сілтеме жасап жазуынша, 50 жастағы экологқа қатысты қылмыстық істі Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеп жатыр.
Тергеу екі ғылыми жобаға бөлінген қаражаттың жұмсалуын тексеріп жатыр. Жобалар «Ғылым қоры» АҚ арқылы қаржыландырылған. Олардың мақсаты қант диабеті, целиакия және басқа да аурулармен ауыратын адамдарға арналған глютенсіз әрі көмірсуы аз ұн өнімдерін өндіруді жолға қою болған.
Жаңа жабдықтың орнына қолданылған техника сатып алынған
Журналистің мәліметінше, мемлекеттік грант қаражаты екі жеке компанияның есепшотына аударылған. Құжат жүзінде Ерлан Қыдырбаев бұл компанияларда жалдамалы қызметкер ретінде көрсетілген. Алайда тергеу нұсқасы бойынша, олардың нақты жұмысын өзі басқарған болуы мүмкін.
Жоба шарттарына сәйкес, компаниялар диеталық нан өнімдерін шығаратын жаңа технологиялық жабдық сатып алуы керек болған. Бірақ тергеу болжамына сәйкес, кәсіпорындар жаңа техниканың орнына бұрын пайдаланылған, әрі талаптарға сәйкес келмейтін жабдық алған.
Сонымен қатар, құжаттарда оның құны бірнеше есе жоғары көрсетілген деген күдік бар. Тергеу нұсқасы бойынша, нақты сатып алу бағасы мен есепте көрсетілген соманың арасындағы айырма қолма-қол ақшаға айналдырылып, Қыдырбаевқа берілген болуы мүмкін. Журналистің жазуынша, бұл деректер куәгерлердің айғақтарында да айтылған.
Өндіріс іске қосылмаған
Тергеушілер жобалардың орындалуы туралы есептерді де тексеріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, мемлекеттік гранттың талаптары орындалғандай көрсету үшін өнім жеткізілгені туралы жалған актілер мен құжаттар жасалуы мүмкін.
Алайда ерекше тағам өнімдерін шығару мақсатында құрылған кәсіпорындар глютенсіз және көмірсуы аз өнімдердің нақты өндірісін жолға қоймаған деген күдік бар.
Алдын ала есеп бойынша, мемлекетке келтірілген шығын шамамен 150 миллион теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта Ерлан Қыдырбаев уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Күдіктінің кінәсі сот үкімімен дәлелденген жоқ.