"Әкесі қызының ернінен сүйген": желідегі құттықтау дауға ұласты
Өскемен қаласында 12 жастағы қызын ернінен сүйген ер адам әлеуметтік желідегі дау-дамайға жауап берді. Сондай-ақ оның жұбайы да жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде әкенің қызын ернінен сүйген видеосы тараған болатын. Жазба көпшіліктің қызу талқысына түсті. Бірі мұны әкелік мейірім деп қабылдаса, енді бірі ер адамның әрекетін тексеруді талап етті.
Даудан кейін ер адам желі қолданушыларының сынына наразылығын білдірген. Оның айтуынша, әркім видеоны өз түсінігіне қарай қабылдайды.
«Керуен көшеді, иттер үреді. Ақыл-есі дұрыс адамдар мұны қалыпты қабылдайды. Көпшілік негатив іздегендіктен, теріс нәрсені көреді. Адам өзі көргісі келген нәрсені айтады», – деді ол.
Ал ер адамның жұбайы да жағдайға қатысты пікір білдіріп, қазіргі уақытта тексеру жүріп жатқанын растаған.
Полиция тексеру жүргізіп жатыр
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті аталған видеоға қатысты тексеру басталғанын хабарлаған. Тексеруге облыстық білім басқармасы мен жергілікті әкімдік өкілдері де қосылған.