Әлемде

Мұхиттың ортасында екі круиздік лайнер соқтығысты: бортта 2 мыңға жуық адам болған

1956 жылы Атлант мұхитында екі ірі жолаушылар кемесі соқтығысып, теңіздегі ең белгілі апаттардың бірі болған. Оқиға салдарынан италиялық лайнер суға батып, 51 адам қаза тапты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

1956 жылғы 25 шілдеде италиялық Andrea Doria кемесі Генуядан Нью-Йоркке бағытталған тоғыз күндік сапарын аяқтап келе жатқан. Ал швециялық Stockholm лайнері Нью-Йорктен Еуропаға қарай бет алған. Екі кеме АҚШ-тың Массачусетс штаты жағалауындағы Нантакет аралы маңында бір-біріне қарсы бағытта қозғалған.

Алайда қалың тұман салдарынан экипаждар бірін-бірі дер кезінде байқамаған. Ақыры швециялық кеменің тұмсығы италиялық лайнердің оң жақ бортына соғылып, үлкен тесік пайда болған. Andrea Doria суға бата бастаған.

Апат кезінде италиялық кемеде 1706 жолаушы мен экипаж мүшесі болған. Соқтығысудан кейін кеме оң жағына қарай қатты қисайып, ішіне су тола бастаған. Бірнеше сағаттан соң лайнер су астына кеткен.

Құтқару операциясы қалай өтті?

Апат туралы дабыл сигналын жақын маңдағы кемелер мен жағалау қызметтері қабылдаған. Оқиға орнына америкалық кемелер, жағалау күзеті және басқа да жолаушылар лайнерлері көмекке келген.

Алғашқылардың бірі болып Cape Ann жүк кемесі жетіп, апатқа ұшыраған кемеден 129 адамды құтқарған. Кейін оқиға орнына француздық Île de France лайнері келіп, 753 адамды өз бортына қабылдаған.

Құтқару жұмыстары түні бойы жалғасқан. Нәтижесінде 1600-ден астам адам аман қалған. Дегенмен апат 51 адамның өмірін қиды. Оның 46-сы италиялық кемеде, бесеуі швециялық лайнерде болған.

Апатқа не себеп болды?

Тергеу барысында қайғылы оқиғаға бірнеше навигациялық қателік себеп болғаны анықталған. Атап айтқанда, экипаждар радардан түскен ақпаратты дұрыс түсіндірмеген, кемелердің бағыты мен арақашықтығын дәл есептей алмаған.

Швециялық Stockholm кемесі де соқтығысудан зақымданғанымен, суға батпай қалған. Кейін жөндеуден өтіп, 1956 жылдың желтоқсанында қайтадан жолаушылар тасымалына шыққан.

Ал Andrea Doria кемесі Массачусетс жағалауындағы мұхит түбінде қалып қойған. Бүгінде оның қалдықтары терең суға сүңгуге әуес адамдардың назарын аударатын орындардың бірі саналады.