Мәдениет

Белгілі ақын өмірден өтті

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын әрі айтыскер Надежда Лушникова дүниеден өтті. Ақын 86 жасқа қараған шағында қайтыс болған. Қаралы хабарды жазушы Исмаилжан Иминов әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

«Бірегей тұлға, есімі қазақ сөз өнерін қадірлейтін жұртшылыққа көзі тірісінде-ақ аңызға айналған көрнекті ақын, суырыпсалма өнердің шебері Надежда Лушникованың 86 жасында дүниеден өткенін хабарлау үшін қалам алып отырмын. Талантты ақынның, тамаша адамның, аяулы ана мен ардақты әженің жарқын бейнесі туған-туыстарының, достары мен жерлестерінің жүрегінде мәңгі сақталады. Оның есімі мен шығармашылығы қазақ әдебиетінің тарихында да өшпес із қалдырады», – деп жазды ол.

Надежда Лушникова 1940 жылғы 22 қарашада Алматы облысында дүниеге келген. 1961 жылы Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищені тәмамдаған. Кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтының филология факультетінде білім алып, 1969 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын бітірген.

Ол жазба ақын ретінде ғана емес, суырыпсалма өнерімен де танылды. 1963 жылы Қызылордада өткен облыстық айтысқа қатысып, жүлделі орынға ие болған. Шымкенттік ақын Қалдыбек Әліқұловпен өткен сөз сайысы режиссер Т. Дүйсебаевтың «Айтыс» фильміне негіз болған. Кейін де аудандық және облыстық айтыстарға қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз атанған.

Еңбек жолында газетте әдеби қызметкер, баспада редактор, мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. 1963-1985 жылдар аралығында осы қызметтерді атқарған. Ал 1985 жылдан бастап Жамбыл ауданындағы Ү. Қарибаев атындағы музейді басқарған.

Ақынның алғашқы өлеңдері 1958 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланды. Кейін «Елім менің» (1962) және «Көңіл хошы» (1970) атты жыр жинақтары жарық көрді.