Әлемде

43 адам қаза тапқан: 80 жылдан кейін мұхит түбінен жұмбақ кеме табылды

АҚШ-тың Мэн штаты жағалауында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде торпедалық шабуылдан батып кеткен SS Cornwallis сауда кемесінің қалдықтары табылды. Кеме Атлант мұхитының түбінде 80 жылдан астам уақыт жатқан, деп хабарлайды buginmedia.kz Gizmodo-ға сілтеме жасап.

Бұл олжаға қатысты тағы бір қызықты дерек бар. Кеме суға батқанға дейін бірнеше күн бұрын оған шабуыл жасаған неміс сүңгуір қайығы АҚШ жағалауына нацистік тыңшыларды жасырын түсіру операциясына қатысқан.

Жеті жыл бойы іздеген

SS Cornwallis кемесінің қалдықтарын Nomad Exploration Team ерікті сүңгуірлер тобы тапқан. Зерттеушілер кемені жеті жыл бойы іздеген. Ақыры 2026 жылғы 11 шілдеде оны Маунт-Дезерт-Рок аралы маңынан, шамамен 122 метр тереңдіктен анықтаған. Бұл аумақ АҚШ-тың құрлықтағы жағалауынан шамамен 40 шақырым қашықтықта орналасқан.

Іздеу жұмыстары оңай болмаған. Мұхиттың тереңдігі, мұздай су мен қатты ағыстар зерттеушілерге кедергі келтірген. 2019 жылдан бері команда бес экспедиция ұйымдастырып, гидролокатордың көмегімен теңіз түбінің шамамен 129 шаршы шақырым аумағын зерттеген.

Кеме қалдықтары табылғаннан кейін сүңгуірлер оларды SS Cornwallis кемесінің сызбаларымен салыстырып, олжаның нақты осы кеме екенін растаған.

Кеме алғашқы шабуылдан аман қалған

SS Cornwallis ұзындығы шамамен 120 метр болатын сауда кемесі еді. 1942 жылғы қыркүйекте ол Барбадос маңында алғаш рет торпедалық шабуылға ұшыраған. Алайда сол кезде кемені судан көтеріп, жөндеп, қайтадан пайдалануға берген.

Кейін кеме қант пен сірне тасымалдаған. Бірақ 1944 жылғы 3 желтоқсанда оған тағы шабуыл жасалды. Бұл жолы торпеданы немістің U-1230 сүңгуір қайығы атқан.

Шабуылдан кейін кеме он минутқа жетпей суға батып кеткен. Сол кезде бортында 48 адам болған. Алайда олардың тек бесеуі ғана аман қалып, қалған 43 экипаж мүшесі қаза тапқан.