Астанада Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимараты ашылды
Астанада Қазақстан мен Тәжікстан президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимаратын ашу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Салтанатты шара 7 қарашада елорданың Анатолий Храпатый көшесінде орналасқан дипломатиялық өкілдіктің аумағында өтті.
Екі елдің басшысы ашылу рәсімінде лентаны бірге қиып, артынша Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекеттік әнұрандары орындалды. Одан кейін президенттерге елшілік кешені туралы бейнеролик көрсетіліп, ғимараттың ішкі жағдайы таныстырылды.
Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
Рәсім соңында екі президент елшілік аумағына ағаш отырғызды.
Жаңа кешен бірнеше нысаннан тұрады. Оның құрамына елшіліктің негізгі ғимараты, қызметкерлерге арналған тұрғын үй, консулдық бөлім, елшінің резиденциясы және қосалқы ғимараттар кіреді.
Айта кетейік, Эмомали Рахмон Қазақстанға ресми сапармен келген. Сапар аясында екі ел басшылары бірқатар келіссөз жүргізіп, ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.