Әлеумет

«Ең кішісі 8 айлық»: Түркістан облысында сегіз баланың әке-шешесі қайғылы жағдайды көз жұмды

Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Қаратөбе ауылында болған жол апатынан ерлі-зайыпты қаза тауып, сегіз бала ата-анасыз қалды. Заңгер Сәуле Бикитева әлеуметтік желідегі жазбасында балаларға көмек көрсетіп жатқан тұрғындарға алғыс білдірді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Заңгердің жазуынша, балалардың ең кішісі небәрі сегіз айлық болса, үлкені 15 жаста. Қазір марқұмдардың туыстары мен ауыл тұрғындары балалардың жағдайын жасау үшін асар ұйымдастырып жатыр.

Белгілі болғандай, отбасы тұрып жатқан үйдің жылу жүйесі толық аяқталмаған, табиғи газ да қосылмаған. Сондықтан баспананы жөндеу және құрылыс жұмыстарын аяқтау қолға алынған.

«Кеше ғана сегіз бала жетім қалды. Олардың ата-анасы жол апатынан көз жұмды. Ең кішісі небәрі сегіз айлық, ал үлкен қыз – 15 жаста. Қазір ауылда асар жүріп жатыр. Туыстары мен жергілікті тұрғындар қолдан келгенше көмектесуде. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Отбасының ағайын-туысы баспананы аяқтау үшін жұмылды. Біз сегіз баланың өз туыстарының арасында қалып, солардың қамқорлығында болғанын қалаймыз», – делінген жазбада.

Сәуле Бикитева бөліскен үндеуде алдағы уақытта балалардың баспана жағдайын тиісті органдар тексеретіні айтылған. Балалардың өздері үйренген ортада, туған-туыстарының қамқорлығында қалуы үшін үйді толық жөндеу маңызды екені атап өтілген.

Осыған байланысты отбасыға көмек көрсету үшін қаражат жинау басталған. Жұртшылық құрылыс жұмыстарына қатысуға немесе қаржылай қолдау білдіруге шақырылған.

«Балапандарға көмек беріп жатқан халыққа Алла разы болсын», – деп жазды заңгер.