ҚазҰУ-да бірінші курс студенті жұмбақ жағдайда көз жұмды
Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курсында оқитын қыз қайтыс болды. Қайғылы оқиға 6 қараша күні кешке болған, деп хабарлайды buginmedia.kz ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, марқұм журналист болуды армандап, Шымкенттен Алматыға оқуға келген.
Оқиғадан кейін студенттер қалашығына полиция қызметкерлері мен университет өкілдері барған. Редакция дереккөзінің айтуынша, сол түні жатақханада тұратын студенттерге бөлмелерінен шығуға және балконға баруға рұқсат берілмеген.
Студенттер арасында бойжеткен өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін деген болжам айтылып жатыр. Алайда, бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Басылым дереккөзінің сөзінше, студенттерден ортақ чаттардағы оқиғаға қатысты хабарламаларды өшіру де сұралған.
Оларға хат алмасу тарихы тексерілуі мүмкін екені ескертілген көрінеді.
Әзірге студент қыздың өліміне не себеп болғаны белгісіз.