Денсаулық

Қазақстанда медицина ұйымдары басшыларының әрбір бесіншісі аттестаттаудан өте алмады

Қазақстанда перзентханалар, балалар стационарлары мен жедел жәрдем станцияларының басшылары және олардың орынбасарлары аттестаттаудан өтіп жатыр. 2 қарашадағы мәлімет бойынша, тестілеуге қатысқандардың 20 пайызы қажетті балл жинай алмаған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Аттестаттаудың алғашқы кезеңі 14 қазанда басталған. 2 қарашаға дейін 15 өңірден 235 адам тестілеуге қатысқан. Бұл аттестаттаудан өтуі тиіс мамандардың жалпы санының 72,1 пайызын құрайды.

Алдын ала қорытынды бойынша, 188 адам немесе қатысушылардың 80 пайызы тестілеуден сәтті өткен. Ал 47 адам (20 пайыз) қажетті балл жинай алмаған. Олардың 25-і – медициналық ұйым басшылары, 22-сі – басшылардың орынбасарлары. Тағы 27 адам тестілеуге келмеген.

Тестілеуден өте алмағандардың басым бөлігі Ақмола, Маңғыстау және Қостанай облыстарында тіркелген. Бұл үш өңірге барлық теріс нәтиженің 55,3 пайызы тиесілі. Ал Астана қаласы мен Павлодар облысында барлық қатысушы тестілеуден сәтті өткен.

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйым басшыларын аттестаттаудың маңызын түсіндірді.

«Медициналық ұйымдар басшыларының кәсіби құзыреттілігін бағалау медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тікелей маңызға ие. Өйткені ұйымдардың жұмысын ұйымдастыру, ішкі үдерістердің тиімділігі және медициналық қызметтердің уақтылы көрсетілуі басқарушылық шешімдерге байланысты», – деп мәлімдеді ведомство.

Министрліктің хабарлауынша, аттестаттау тек перзентханалар, балалар стационарлары мен жедел жәрдем станцияларының басшыларына және олардың орынбасарларына қатысты жүргізіледі.

«Кәсіби құзыреттілікке аттестаттау қағидаларына сәйкес тестілеуден теріс нәтиже алған қатысушылар сұхбаттасу кезеңіне жіберілмейді және алты айдан кейін қайта аттестаттаудан өтуге тиіс», – делінген хабарламада.

Ведомство жариялаған мәліметтер әзірге түпкілікті қорытынды емес. Тестілеу 2026 жылғы желтоқсанның соңына дейін жалғасады.