Әлемде

Ұшақ апатқа ұшырап, борттағы барлық адам қаза тапты

Германияның Магдебург қаласы маңында жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырап, борттағы екі адам көз жұмды. Әуе кемесі А2 тасжолына құлап, өртеніп кеткен, деп хабарлайды buginmedia.kz Bild басылымына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 6 қарашада күндіз Бург қаласы мен Крээнберге демалыс аймағының арасында болған.

Полицияның мәліметінше, ұшақ тасжолдың дәл жүріс бөлігіне құлаған. Құтқарушылар оқиға орнына жеткенде, борттағы екі адамның да қаза тапқаны анықталған. Алдын ала мәлімет бойынша, апаттан басқа көліктер зардап шекпеген.

Белгілі болғандай, ұшақ Шлезвиг-Гольштейн жерінен ұшып шыққан және аэроклубқа тиесілі болған. Оның бортында клуб мүшесі мен тағы бір адам болған.

Оқиғадан кейін А2 автомагистраліндегі көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Құтқару қызметтері арнайы операция жүргізіп, апат куәгерлеріне психологиялық көмек көрсеткен.

Қазір ұшақтың құлау себептері мен апаттың мән-жайы анықталып жатыр.