Әлемде

Секта жетекшісі 190 баланы мерт қылғаны үшін 200 жылға сотталды

Кенияның Момбаса қаласындағы сот пастор Пол Маккензиге 200 жыл түрме жазасын тағайындады. Ол 190 бала мен бір ересек адамның өліміне себеп болғаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы buginmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап

Тергеу мәліметінше, пастор өзіне сенген адамдарды ақырзаманнан кейін жұмаққа бару үшін аштық жариялауға шақырған. Ол тіпті ата-аналарды балаларын тамақтандырмауға үгіттеген.

Судья Диана Каведза Маккензиге әрқайсысы 100 жылдан тұратын екі жаза кескен. Олар бірінен кейін бірі өтеледі. Сот дерегінше, 183 адам аштықтан, тағы сегіз адам зорлық-зомбылықтан көз жұмған. Судья бұл әрекетті алдын ала жоспарланған қылмыс деп бағалады.

Бұл іс бойынша пастормен бірге тағы 28 адам жауапқа тартылды. Адамдарды аштыққа мәжбүрлегендерді бақылаған күзетшілер мен жаппай жерлеу орындарын жасыруға көмектескендер 10 жылдан 160 жылға дейін сотталды. Ал Маккензидің адвокаты үкімге қатысты апелляциялық шағым түсірген.

Оқиға 2019 жылы басталған. Сол жылы билік пастордың шіркеуін жапқаннан кейін ол жақтастарын Шакахола орманына алып кеткен. 2023 жылдың сәуірінде полиция орман аумағынан жерге көмілген адамдардың мәйіттерін тапты. Кейін барлығы 448 адамның сүйегі шығарылды.

Қазіргі сот үкімі 191 адамның өліміне қатысты. Бұдан бөлек, Маккензиге тағы 52 адамның қазасына байланысты айып тағылған. Олардың мәйіттері Шакахола орманынан 30 шақырым жерден табылған. Алайда пастор бұл айып бойынша кінәсін мойындамай отыр.