Қар, жаңбыр, тұман, көктайғақ: демалыс күндеріне ауа райы болжамы
Қазақстанда 7–9 қарашада ауа райы күрт құбылады. Ел аумағына бірнеше циклон әсер етіп, бірқатар өңірде жаңбыр мен қар жауады. Кей жерлерде қатты жауын-шашын, тұман, көктайғақ және желдің күшеюі күтіледі, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Синоптиктердің болжамынша, кезеңнің басында солтүстік өңірлерге солтүстік циклонның жырасы әсер етеді. Ал 8 қарашадан бастап Қазақстан аумағына оңтүстік циклон жылжиды.
Соның салдарынан еліміздің басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауады. Оңтүстік өңірлерде негізінен жаңбыр күтіледі.
Жауын-шашынның күшеюі мүмкін өңірлер:
8 қарашада батыс облыстарда қатты жаңбыр жауады;
9 қарашада солтүстік-батыс пен батыста жаңбыр мен қар түрінде қатты жауын-шашын болады;
Оңтүстік өңірлерде 9 қараша күні күндіз нөсер жаңбыр күтіледі.
Бұдан бөлек, республика бойынша жел күшейеді. Түнде және таңертең тұман түсіп, солтүстік-батыс пен солтүстік өңірлерде көктайғақ болуы мүмкін.
Өңірлердегі ауа температурасы
Батыс Қазақстанда түнгі температура −3…+5 градустан −8…+3 градусқа дейін төмендейді. Күндіз ауа температурасы +5…+15 градустан +2…+10 градусқа дейін түседі.
Солтүстік-батыста түнгі ауа температурасы −1…−8 градустан −6…+3 градусқа дейін сәл жоғарылайды. Ал күндіз +2…+10 градустан −3…+5 градусқа дейін төмендейді.
Шығыс өңірлерде керісінше жылыну байқалады. Түнде ауа температурасы −9…+2 градустан −5…+8 градусқа, күндіз +2…+12 градустан +9…+17 градусқа дейін көтеріледі.
Оңтүстікте түнгі температура −2…+6 градустан +7…+17 градусқа дейін жоғарылайды. Күндіз ауа температурасы +10…+23 пен +18…+27 градус аралығында болады.
Оңтүстік-шығыста түнде +0…+10 градустан +7…+15 градусқа дейін жылынады. Таулы аудандарда температура −3…−8 градустан 0…+5 градусқа дейін көтеріледі. Күндіз өңірде +15…+25 градус, таулы аймақтарда +10…+15 градус жылы болады.
Еліміздің қалған өңірлерінде ауа температурасы айтарлықтай өзгермейді.