Ресейден мыңнан астам жүк көлігін өткізгені үшін 100 млн теңге алған шенеунік 10 жылға сотталды
Астанада Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармаларының бірінің бұрынғы басшысының міндетін атқарушы пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы елорда соттарының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қыркүйек және қазан айларында шенеунік Ресей азаматына Батыс Қазақстан облысындағы өткізу бекеттері арқылы жүк көліктерін кедергісіз өткізуге көмектесуге келіскен. Осы қызметі үшін оған 100 миллион теңге берілген. Іс материалдарында барлығы 1003 жүк көлігі туралы сөз болған.
Сонымен қатар, шенеунік Ресей азаматына өзі жұмыс істеген компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің қайсысы тәуекелдерді басқару жүйесіне енгізілгені туралы ақпарат беріп, қойылған шектеулерді айналып өту жолдарын көрсетіп отырған.
Ал екінші сотталушы ақшаны жеткізуге көмектесіп, осы қызметі үшін 24,8 миллион теңге алған. Ол парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұрынғы шенеунік аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот екі сотталушының да мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылдап, өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақшаны мемлекет кірісіне тәркілеу және заңсыз табысты сотталғандардан өндіріп алу туралы үкім шығарды.
Мемлекеттік айыптаушы бұрынғы шенеунікті 12 жылға, ал делдалды 1,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот екі сотталушының да кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескерген. Бұрынғы шенеунікке қатысты антты бұзу жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
4 қарашада шыққан сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.