Петропавлдағы емхана қызметкері мен күйеуі қайғылы жағдайды қаза тапты
Астанаға қыздарына қонаққа барып, үйлеріне қайтып келе жатқан ерлі-зайыпты жол апатынан қаза тапты. Марқұм әйелдің Петропавлдағы №2 қалалық емхананың қызметкері Айгүл Жуандықова екені белгілі болды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қаралы хабарды емхана ұжымы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
«Әріптесіміз, химияландырушы Жуандықова Айгүл Амангелдіқызының жұбайымен бірге қайғылы жағдайда қаза болғаны туралы хабарды терең қайғыра отырып жеткіземіз. Айгүл Амангелдіқызының өмірден өтуі №2 қалалық емхананың бүкіл ұжымы үшін орны толмас қаза. Біз оны мейірімді, жанашыр адам және әріптес ретінде, бірге атқарған еңбегіміз бен жүрегімізде сақталған жылы естеліктер арқылы әрдайым есте сақтаймыз», – делінген емхананың көңіл айту жазбасында.
Жол апаты қалай болған?
Қайғылы оқиға 1 қараша күні кешке Астана – Петропавл тасжолында болған. Бірнеше көлік соқтығысқан жол апатынан үш адам қаза тапты.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Camry көлігі жол қоршауына соғылған. Кейін оған Kia Rio көлігі, артынша Chevrolet Cobalt соқтығысқан.
Апат кезінде Toyota Camry көлігінің жүргізушісі мен әйел жолаушысы жолда қалған. Сол сәтте оларды Geely көлігі қағып кеткен. Екі әйел оқиға орнында көз жұмды.
Тағы бес адам Бұланды аудандық ауруханасына жеткізілген. Кейін олардың бірі – басынан ауыр жарақат алған ер адам ауруханада қайтыс болды.
Қазір полиция жол апатының мән-жайын анықтап жатыр.
Айта кетейік, осы тасжолда болған тағы бір жол апатынан полиция капитаны қаза тапқан.