Әлемде

Қонақүйден министрдің денесі табылды

Германияның Бавария федералды жерінің вице-премьері әрі экономика министрі Хуберт Айвангер Берлиндегі қонақүй бөлмесінен өлі табылды. Ол 55 жаста болған, деп хабарлайды buginmedia.kz Берлин полициясының ресми мәліметіне сілтеме жасап.

Полицияның хабарлауынша, саясаткердің денесі 4 қараша күні кешке Берлиннің Митте ауданындағы қонақүй бөлмесінен табылған.

Оқиғаға байланысты Берлин прокуратурасы мен Қылмыстық істер жөніндегі мемлекеттік басқарманың алтыншы тергеу бөлімі тексеру жұмыстарын бастаған. Құқық қорғау органдары өлімнің нақты себебі мен мән-жайын анықтап, оған өзге адамдардың қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, Хуберт Айвангер сол күні өзі басқаратын «Еркін сайлаушылар» партиясының Берлиндегі кеңсесінің ашылу салтанатына қатысуы керек болған. Алайда өзін жайсыз сезінгендіктен, іс-шараға бармаған.

Саясаткердің өліміне байланысты Бавария премьер-министрі Маркус Зёдер көңіл айтты. Ол бұл хабардың баршаға ауыр тигенін жеткізді.

Хуберт Айвангер 2018 жылдан бері Баварияның экономика министрі әрі вице-премьері қызметін атқарған. Оның артында жұбайы мен екі баласы қалды.