Әлеумет

"Жерлеген соң 4 күннен соң хабарлама келген": әйел күйеуінің құпиясын 28 жылдан соң бірақ білген

Психолог Ақмарал Орынбаеваға күйеуі қайтыс болғаннан кейін оның басқа отбасы бар екенін білген 56 жастағы әйелдің оқиғасы баяндалған хат келген. Әйел 28 жыл бірге тұрған күйеуінің 13 жыл бойы басқа әйелмен де қарым-қатынаста болғанын жерлеу рәсімінен кейін білген, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Әйел күйеуімен 28 жыл бірге өмір сүріп, үш баланы тәрбиелеп өсірген. Туыстары мен таныстары олардың отбасын үлгі тұтқан. Алайда, күйеуін жерлегеніне төрт күн болғанда оның телефонына күтпеген хабарлама келген.

«Папа, сізді сағындым. Бүгін келесің бе?» деген хабарламаны көрген әйел телефонды ашып қараған. Сонда жүздеген сурет пен дауыстық хабарламаны тауып, күйеуінің басқа әйелмен бірге тұрғанын білген. Олардың 12 жастағы қызы да бар болып шыққан.

Бұл жағдай әйелге өте ауыр тиген. Ол бір жағынан өмірден өткен күйеуін жоқтаса, екінші жағынан 28 жыл бойы өзінен осындай үлкен құпия жасырылғанын түсіне алмай қиналған.

«Күйеуімді жоқтайын десем, алдағаны есіме түседі. Жек көрейін десем, сағынып кетемін. Оны әлі жақсы көретінім үшін өзімді ақымақ сезінемін. Мен енді кім үшін жылап жүргенімді де білмеймін», – деген әйел.

Оның жағдайына алаңдаған қызы анасын психологқа алып келген. Әйел қатты күйзеліске түсіп, не істерін білмей қалған.