Астана – Петропавл тасжолындағы жол апатынан зардап шеккен полицей көз жұмды
Астана – Петропавл тасжолында болған жол апатынан зардап шеккен полиция қызметкері ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді., деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, ер адам 4 қарашада қайтыс болған. Дәрігерлер оның жағдайын әу бастан өте ауыр деп бағалаған.
«Жасалған реанимациялық шаралар мен дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, науқасты аман алып қалу мүмкін болмады», – делінген хабарламада.
Апат 3 қарашада Ақмола облысындағы Шортанды кентінің маңында болған. JAC T9 пикапы жол техникасын алып жүрген патрульдік көлікке соғылған. Салдарынан полиция қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, пикап жүргізушісі жылдамдық режимі мен көлік арасындағы қашықтықты сақтамаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.