Белгілі ақын 61 жасқа қараған шағында өмірден озды
Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Гүлзада Ниетқалиева 61 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Гүлзада Ниетқалиева 1966 жылы 1 маусымда Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Көптоғай ауылында дүниеге келген. Гурьев педагогика институтының тарих факультетін тәмамдаған. Филология ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған ақын 1987-2000 жылдары Құрманғазы ауданындағы мектептерде мұғалім болып қызмет етті. Кейін Атырау облыстық телерадио компаниясында аға редактор, «Ақ Жайық» апталық газетінде аға редактор, «Қайсар» құқық қорғау органдары газетінде бас редактор болды. Сондай-ақ «Атырау» қоғамдық-саяси газетінде мәдениет, білім және денсаулық бөлімін басқарды.
Гүлзада Ниетқалиева – «Ақбота күнді аңсаумен», «Айдың сүттей сәулесі», «Қарлығашы Қиғаштың», «Ардақтым», «Жүректегі жанартау», «Хазар қасидалары», «Аллажар» атты жыр жинақтарының авторы.
Сонымен қатар ол Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушановтың шығармашылығына арналған «Тұма жырдың тұнығы» және жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев туралы «Дара», «Жалғыз атты жолаушы» монографиялық еңбектерін жазған. «Жүректегі иман гүлі» атты мінәжат дастаны 2017 жылы Ұлыбританияда жарық көрген.
2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай ұйымдастырылған «Махамбет-200» телехабарлар сериясын жүргізіп, «Қарой қасіреті» дастанын жазды.
Қазақстан Жазушылар одағы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, қалың оқырман қауымға көңіл айтты.