Атырауда никаб киіп, терроризм туралы айтқан әйелдер ұсталды
Атырауда никаб киіп, TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир кезінде терроризмге қатысы бар екенін мәлімдеген екі әйел полицияға жеткізілді. Олар өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері танитынын айтқан, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода екі әйелдің парфюмерия сатып отырып, тікелей эфирге шыққаны көрінеді. Әңгіме барысында олардың бірі өзін 20 жылдан бері террорист екенін айтып, ҰҚК қызметкерлері оны жақсы білетінін мәлімдеген.
Осы видеодан кейін Атырау облысының полиция департаменті әйелдердің жеке басын анықтады. Олар 38 және 39 жастағы жергілікті тұрғындар болып шыққан. Екеуі де полиция бөліміне жеткізілді.
Полиция мәліметінше, әйелдерге қатысты үш әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғалған. Атап айтқанда, ұсақ бұзақылық, тыйым салынған контент тарату және қоғамдық орындарда адамның жеке басын анықтауға кедергі келтіретін киім кию деректері қаралып жатыр. Іс материалдары сотқа жолданған.
Сонымен қатар әйелдермен теологтың қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізілген.
«Оларға заң талаптары, қоғамдық тәртіп нормалары және мұндай құқық бұзушылықтарға жол берілмейтіні түсіндірілді», – деп хабарлады Атырау облысының полиция департаменті.
Айта кетейік, полиция әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде жасалған құқыққа қайшы әрекеттер де заң аясында қаралатынын ескертті.