Әлеумет

Қазақ журналисі АҚШ телеарнасында басшылық қызметке тағайындалды

Журналист Талғат Алманов АҚШ-тағы кәсіби мансабында жаңа белеске көтерілді. Ол Нью-Йорктегі ABC 7 телеарнасының Буффалодағы бөлімшесінде жетекші репортер қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Бұл туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасында өзі мәлімдеді.

Жаңа қызметінде Талғат Алманов жаңалықтар бөлімінің жұмысын үйлестіріп, журналистер мен продюсерлер командасымен бірлесе жұмыс істейді. Сонымен қатар репортаждар әзірлеп, зерттеу журналистикасымен айналысуын жалғастырады.

«Жаңа қызметімде жаңалықтар бөлімінің жұмысын қадағалап, журналистер мен продюсерлермен тығыз жұмыс істеймін. Сонымен қатар жаңалықтарымыздың мазмұнды, сапалы әрі көрерменге уақытылы жетуіне атсалысып қана қоймай, репортаждар әзірлеп, зерттеу журналистикасымен айналысуды жалғастырамын», – деді ол.

Айта кетейік, Буффалодағы ABC 7 (WKBW-TV) – ABC ұлттық тележелісінің жергілікті филиалы. Телеарна Батыс Нью-Йорк өңіріндегі, соның ішінде Буффало, Эри округі мен Ниагара-Фолс қаласындағы жаңалықтарды таратады.