Мәдениет

«Қазақ аруы – 2026» жеңімпазы анықталды: бас жүлдені алматылық 20 жастағы бойжеткен иеленді

Алматыда өткен «Қазақ аруы – 2026» ұлттық байқауының жеңімпазы анықталды. Биыл бас жүлде 20 жастағы алматылық Асылым Өтепбергенге бұйырды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Көрермендердің онлайн дауыс беру қорытындысы бойынша Асылым Өтепберген 17 164 дауыс жинап, қарсыластарынан айтарлықтай басым түсті.

Екінші орынды 10 480 дауыс алған Қостанай қаласының өкілі Әйгерім Қайпен иеленді. Ал 4 499 дауыс жинаған шымкенттік Сымбат Әбубәкір үздік үштіктің қатарына енді.

Асылым Өтепберген Алматы қаласында дүниеге келген. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып жүр. Сонымен қатар әлеуметтік желіде блог жүргізеді. Instagram парақшасына 30 мыңнан астам адам жазылған.

Байқау жеңімпазына дизайнер Аида Кауменованың сән үйінде арнайы тігілген шапан жабылып, шетелге саяхаттауға жолдама табысталды.

Айта кетейік, биылғы байқауға еліміздің әр өңірінен 22 ару қатысты. Финалдық кезең 3 қарашада Алматыдағы Республика сарайында өтті. Ұлттық сұлулық байқауын продюсер Баян Алагөзованың BM Production орталығы ұйымдастырды.