Әлеумет

Ресейде Ozon қоймасына дрондар шабуыл жасап, өрт шықты

Ресейдің Адыгейск қаласында Ozon маркетплейсінің логистикалық орталығына дрондар шабуыл жасады. Салдарынан қойма аумағында өрт шығып, қызметкерлер эвакуацияланды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға кезінде орталықта болған барлық қызметкер қауіпсіз жерге көшірілген. Алдын ала ақпарат бойынша, зардап шеккендер жоқ. Қазір оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі жұмыс істеп жатыр.

Шабуылдан кейін Ozon қоймада сақталған тауарларды маркетплейстің онлайн сөресінен уақытша алып тастайтынын хабарлады. Сондықтан кейбір өнімдерге тапсырыс беру мүмкін болмайды. Егер дәл сондай тауарлар компанияның басқа қоймаларында болмаса, олардың мәртебесі «Қоймада жоқ» деп өзгереді.

Компания кейбір тапсырыстарды тоқтатып, қалғанын басқа логистикалық орталықтар арқылы жеткізуге тырысатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар шабуылға ұшыраған орталық FBO моделі бойынша тауар қабылдауды уақытша тоқтатты. Бұл жүйеде сатушылар өнімдерін маркетплейс қоймасына өткізеді, ал оны сақтау мен сатып алушыға жеткізуді компания өзі атқарады.

Айта кетейік, биыл тамыз-қыркүйек айларында Ozon-ның Ресейдегі қоймаларына бірнеше рет дрон шабуылы жасалған. Кемінде бес қаладағы логистикалық орталықтарға зақым келген. Осы оқиғалардан кейін маркетплейс сатушыларға тауарларын Алматы мен Астанадағы қоймаларға орналастыруды ұсынған.

Компания дрон шабуылдарынан 30 миллиард рубльден астам шығынға ұшырағанын да мәлімдеген.