Саясат

Қазақстанның жаңа көлік министрі тағайындалды

Қазақстанда Көлік министрлігінің басшысы ауысты. Мемлекет басшысының жарлығымен Әсел Жанасова Премьер-министрдің орынбасары – көлік министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

«Мемлекет басшысының жарлығымен Жанасова Әсел Жұбанышқызы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – көлік министрі болып тағайындалды. Ол бұрынғы атқарған қызметінен босатылды», – делінген Ақорда хабарламасында.

Бұған дейін Нұрлан Сауранбаев көлік министрі қызметінен босатылған болатын. Ол бұл ведомствоны 2025 жылғы маусымнан бері басқарды.

Әсел Жанасова 1987 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында Кембридж университетінде компьютерлік ғылымдар бағыты бойынша білім алған. 2014 жылы Кембридж университеті мен М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің «Executive Management» бағдарламасы бойынша магистратурасын аяқтаған.

Еңбек жолын ақпараттық технологиялар саласында бастаған.

2010–2014 жылдары Лондонда орналасқан халықаралық компанияда ақпараттық технологиялар жөніндегі маман, осы бағыттағы басқарма менеджері және киберқауіпсіздік департаментінің директоры қызметтерін атқарған.

2014–2016 жылдары Қазақстан Ұлттық банкінің цифрлық технологиялар департаменті директорының орынбасары болған.

2016–2017 жылдары «Зерде» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрайымы қызметін атқарған.