Ақтөбеде неке сарайында 26 жастағы әйелді өлтіріп кетті
Ақтөбе қаласындағы Неке сарайында 26 жастағы әйел пышақ жарақатынан көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, ол ғимаратқа қазіргі таңдаған азаматымен бірге келген. Қылмысқа әйелдің бұрынғы күйеуі күдікті ретінде танылған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Неке сарайынан айқай естілген
Кісі өлтіру оқиғасы бүгін күннің бірінші жартысында болған. Ғимарат маңында жүрген адамдар іштен шыққан жанұшыра айқайды естіген. Оқиға санаулы минуттың ішінде болған.
Полиция қызметкерлері жеткен кезде әйел еденде қансырап жатқан. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Куәгерлердің айтуынша, қайғылы жағдайдың алдында марқұм мен бұрынғы күйеуі арасында жанжал болған. Олардың болжамынша, ер адам бірнеше баласы бар әйелдің басқа азаматпен қарым-қатынас орнатқанына наразы болған. Бұл жағдай жанжалға себеп болуы мүмкін.
Күдікті ұсталды
Полицияның мәліметінше, күдікті оқиғадан кейін көп ұзамай ұсталған.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қызметкерлер күдіктіні ізін суытпай анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ қылмыстың себептері мен салдарын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Қалиев.
Аталған факті бойынша кісі өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалды.
Ал Неке сарайының қызметкерлері болған оқиғаға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.