Әлеумет

«Екеуі өтірік қол ұстасып тойға барады": келін ата-енесінің құпиясын жайып салды

Психолог Ақмарал Орынбаева әлеуметтік желідегі парақшасында оқырманынан келген хатты жариялады. Хат авторы қайын ата-енесінің отбасылық қарым-қатынасына қатысты жан сырын ақтарып, не істеу керегін сұраған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оқырманның айтуынша, қайын атасының басқа әйелмен көңіл жарастырғанын отбасының бәрі біледі. Ал қайын енесінің өзге ер адаммен қарым-қатынасы барын тек келіннің өзі ғана білген. Ол бұл жайтты енесінің құрбысымен әңгімесінен кездейсоқ естіп қойған.

«Біз өтірік отбасының ішінде өмір сүріп жатырмыз. Күйеуім жақсы, қызымыз бар. Бірақ ертең жасы 40-тан асқанда әкесі сияқты болып кетсе ше?» – деп алаңдайды келін.

Оның сөзінше, қайын ата-енесі сырт көзге тату отбасы болып көрінгенімен, үйде жиі жанжал болады. Тіпті бір-біріне деген сезімі қалмағанын да ашық айтқан.

«Екеуі өтірік күліп, қол ұстасып тойларға барады. Бірақ атам енеме "Сені сүймеймін" деді. Енем де "Мен де сені жек көремін" деп айтты біздің көзімізше. Ал неге ажыраспайды? Енем өз сүйгеніне, атам өз сүйгеніне кетсе екен», – деп жазған ол.

Келін қайын енесінің әрекетін де құптамайтынын айтып, қызының осындай отбасылық ортада өскеніне алаңдайды.

«Екеуі қызымды сүйгенде жиіркенемін. Таза адамдар емес сияқты. Қыз өсіріп отырған соң, енемнің әрекеті де ерсі көрінеді. Күнде ұрыстан шаршадым. Апай, айтыңызшы, не істеймін? Осы хатымды желіге салыңызшы», – деп өтініш білдірген оқырман.