Ұшақ апатынан мультимиллионер отбасымен қаза тапты
АҚШ-тың Флорида штатында болған ұшақ апатынан тоғыз адам көз жұмды. Қаза тапқандардың арасында 20 жастағы екінші ұшқыш, технология саласындағы кәсіпкер Адам Робинсон және оның отбасы бар. Бұл туралы Associated Press агенттігі жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға 2026 жылғы 1 қарашада Палм-Бич округіндегі Гринэкрс қаласында болған. Learjet 60 жеке ұшағы Техас штатындағы Остин қаласынан Багам аралдарына бағыт алған. Алайда әуе кемесі елді мекен аумағына құлап, соңы өртке ұласқан.
Марқұмдардың арасында 45 жастағы кәсіпкер Адам Робинсон, оның жұбайы Хелен Шарп, төрт жастағы қызы Эмма мен екі жастағы ұлы Чарли болған. Сондай-ақ отбасының бала күтушісі Анита Мария Сетина, достары Рэйчел Рид пен Чарми Фер және екі ұшқыш қаза тапқан.
Екінші ұшқыш Наталия Гаделья Фильгейрас небәрі 20 жаста болған. Ол ұшқыш куәлігін 2023 жылы, 17 жасында мектепте оқып жүрген кезінде алған. Ал әуе кемесінің капитаны 55 жастағы Джеффри Грегори болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, апат алдында экипаж әуе диспетчерлеріне ұшақтың мұз басып, қатты турбуленттілікке тап болғанын хабарлаған. Ұшқыштар биіктікті жоғарылатуды сұрағанымен, көп ұзамай әуе кемесі күрт төмендей бастаған. Экипаж апаттық дабыл беріп, ұшақтың басқарудан шығып бара жатқанын жеткізген.
АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесінің тергеушілері ұшақ жерге құлағанға дейін әуеде бөлшектене бастауы мүмкін екенін мәлімдеген. Қазір мамандар апаттың нақты себебін анықтап жатыр. Тергеудің негізгі бағыттарының бірі – ұшу кезіндегі ауа райы мен әуе кемесінің мұз басуы.