Наташа Қалымбетова ДНҚ сараптамасының нәтижесін жариялады
Отыз жылдан астам уақыт бойы қызын іздеген Наташа Қалымбетова көптен күткен қуанышқа кенелді. АҚШ-та тұратын қызымен арадағы туыстық байланыс ДНҚ сараптамасы арқылы 99 пайызға расталған. Енді ана мен қыз Таиландта кездесуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Наташаның сөзінше, қызын алғаш көргенде-ақ оның өз перзенті екенін жүрегімен сезген. Дегенмен қызы күмәнін сейілту үшін генетикалық сараптама жасатуды жөн көрген. Талдау қорытындысы екеуінің биологиялық ана мен қыз екенін растаған.
Қуанышты хабарды бөліскен Наташа алдағы кездесуді асыға күтіп жүргенін айтты.
«Мен оны көргенде бірден менің қызым екенін сездім. Ол қатты қобалжыды. Құжаттарым болғанымен, америкалық болғандықтан ДНҚ нәтижесін көргісі келді. Енді бәрі өзгереді. Біз Таиландта кездесеміз. Қызым ұлыммен де танысқысы келеді. Екі баламды табыстырамын. Бір отбасы боламыз», – деді Наташа Қалымбетова.
Оның айтуынша, қызы Америкадан Азияға алғаш рет келмек. Ал Наташаның ұлы Қытайда оқиды. Сондықтан, үшеуінің басын қосатын кездесу Таиландта өтпек.
Айта кетейік, бұған дейін Наташа Қалымбетова Президентке үндеу жасап, 32 жыл бұрын болған оқиғаны баяндаған еді. Ол істі Мемлекет басшысының жеке бақылауына алуды сұраған. Наташаның айтуынша, 1995 жылы қызын дүниеге әкелген кезде өзі небәрі 17 жаста болған. Содан бері перзентін іздеп келген. Бұл оқиғаға байланысты Батыс Қазақстан облысының полициясы тергеу бастағанымен, куәгерлер мен нақты дәлелдердің жоқтығынан істің ілгерілеуі қиын болған.
Наташа Қалымбетованың айтуынша, оған қатысты зорлық-зомбылық екі рет болған. Алғашқы оқиға 1993 жылдың қарашасында, ол 17 жаста болған кезде болған. Төрт ер адам оны ұстап алып, Жайық өзені маңындағы қараусыз қалған үйге апарып, түні бойы ұрып-соғып, зорлаған. Екінші оқиға 1994 жылдың наурызында қайталанған. Бұл жолы да оған бір топ ер адам зорлық көрсеткен. Алайда олардың нақты саны туралы ақпарат жарияланбаған. Осы оқиғалардан кейін Наташа жүкті болып, 1995 жылы қыз босанған.