Танымал актер қайтыс болды
Қазақ театр және кино өнерінің ардагері Мұқан Шәкіров 81 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Өнер иесінің қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды Асқар Тоқпанов атындағы театр жеткізді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«Қазақ өнерінің абыз ақсақалы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Шымкент қаласының Құрметті азаматы Мұқан Шәкірдің дүниеден өтуіне байланысты қайғыра көңіл айтамыз», – делінген театрдың көңіл айту хабарламасында.
Мұқан Шәкіров – өмірін сахна өнеріне арнаған актер. Ол әр жылдары Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Талдықорған театрында және Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы драма театрында қызмет атқарған.
Актер Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауылында дүниеге келген. Кейін отбасымен Шымкентке көшіп, қазақ мектебінде білім алған. Алғашында әскери қызметкер болуды армандаса, кейін заңгерлікке қызыққан. Мектептен соң Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсуге талпынғанымен, денсаулығына байланысты бұл жоспарын жүзеге асыра алмаған.
Өнерге келуі де кездейсоқ басталған. Еңбек жолында наубайханада қамыр илеп, фосфор зауытында жұмыс істеген. Бірде театр жанынан өтіп бара жатып, жұмысшылар қабылдау туралы хабарландыруды көреді. Сөйтіп, театрға декорация құрастырушы болып орналасады. Уақыт өте келе оның қабілетін байқаған режиссерлер шағын рөлдерге тарта бастаған.
1967 жылы Асқар Тоқпановтың ақылымен консерваторияның театр бөліміне оқуға түседі. Алғашқы ұстаздарының қатарында Асқар Тоқпанов пен Шолпан Жандарбекова болған. Студенттік жылдары Қазақ радиосында диктор қызметін де атқарған.
Диплом алғаннан кейін Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында, кейін Талдықорған театрында еңбек етті. 1981 жылы Шымкентке қоныс аударып, Жұмат Шанин атындағы драма театрдың актерлік құрамына қосылды. Өмірінің соңына дейін осы өнер ордасында шығармашылығын жалғастырды.
Мұқан Шәкіров сахнада жүзге жуық кейіпкердің бейнесін сомдаған. Соның ішінде Сафуан Шаймерденовтің «Марғау үні» қойылымындағы Марғау рөлі көрермен жадында қалған. Сондай-ақ ол Мұқағали Мақатаев пен Шәмші Қалдаяқовтың образдарын сахнада тірілткен.
Кинода да өзіндік із қалдырған актер елуге жуық фильмді қазақ тіліне дыбыстауға қатысқан. «Сағыныш», «Табын», «Көшпенділер» және «Алдаркөсе» фильмдерінде ойнаған.
Мұқан Шәкіровтің есімі қазақ театр өнеріне сіңірген еңбегімен және сахнада сомдаған сан алуан рөлімен есте қалады.