"Енді өз шаңырақтары бар": Динара Сәтжан ұлы мен келінін бөлек шығарғанын көрсетті
Журналист Динара Сәтжан әлеуметтік желіде ұлы мен келінін жекен шығарғанын айтып, жазба жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оның сөзінше, үйлену тойынан кейін жас жұбайлар екі ай бойы ата-анасымен бірге тұрған. Осы уақыт ішінде келіні Айнұр отбасының тұрмыс-тіршілігімен танысып, қонақ күту дәстүрін үйренген.
Ал бүгін Айнұр алғаш рет өз қонақтарын өзі қарсы алып, шаңырақ иесі ретінде қадам жасаған. Оған жақын адамы Ақмарал көмектескен. Сондай-ақ келіннің анасы Тамара құдағи қызына жасауын әкелген.
Динара Сәтжан қазақтың жасау әкелу дәстүрі ізгі ниет пен ақ тілекке толы екенін атап өтті.
«Енді балалардың өз жолы басталды. Өз шаңырағы, өз жаңалықтары, өз қуаныштары мен өз тәжірибелері болады», – деп жазды ол.
Журналист балаларының есейіп, өз алдына өмір бастағанын көрумен қатар, әйел адамның өз өмірін де ұмытпауы маңызды екенін айтады.
«Ең бастысы, олардың өз өмірін бастағанын қабылдай отырып, өз өміріңді де ұмытпау. Өз қуанышыңмен өмір сүру, әр сәттің қадірін білу. Өйткені әр жастың өз әдемілігі бар. Әр кезеңнің өз бақыты бар», – деп түйіндеді Динара Сәтжан.