Қазақстандықтар жеке картасына көбірек ақша қабылдай алады: салықтық бақылау шегі өсті
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі жеке банк картасына түсетін аударымдарды бақылауға қатысты шекті соманы көтерді. Енді салық органдарының назарына ілігуі мүмкін аударымдардың жалпы сомасы 1 миллион 20 мың теңгенің орнына 1 миллион 557 мың теңге болады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Өзгеріс Қаржы министрінің бұйрығымен енгізілді. Жаңа талаптар 10 қарашадан бастап күшіне енеді.
Не өзгереді?
Банктер жеке тұлғалардың шотына түсетін ақшаның кәсіпкерлік қызметтен түскен табысқа ұқсайтын жағдайлары туралы салық органдарына мәлімет береді.
Бұған дейін азаматтың шоты үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп түрлі адамнан ақша қабылдаса және осы кезеңдегі аударымдардың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан, яғни 1 миллион 20 мың теңгеден асса, банк бұл туралы салық органдарына хабарлайтын.
Енді шекті сома айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланады. Ол 360 АЕК немесе 2026 жылы 1 миллион 557 мың теңге болады. Ал үш ай қатарынан ай сайын 100-ден астам адамнан ақша қабылдау талабы өзгеріссіз қалады.
Сонымен қатар Қаржы министрлігі банктер салық органдарына жіберетін есептілік нысандарын да жаңартты. Оған азаматтардың шоттары, ондағы қалдықтар мен кредиттері туралы мәліметтер кіреді.
Қандай аударымдарға салық салынады?
Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті туыстардан келген сыйлық немесе жеке мақсаттағы қарапайым аударымдар табыс болып саналмайтынын түсіндірген.
Салық тек ақша тауар, жұмыс немесе қызмет ақысын төлеу үшін аударылған жағдайда ғана төленеді.
«Картаға түскен ақша сатылған тауардың, орындалған жұмыстың немесе көрсетілген қызметтің ақысы болған жағдайда табыс деп танылады», – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.