Қазақстанда мәслихат сайлауын өткізуге 35,8 млрд теңге бөлінеді
Қазақстанда 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыруға республикалық бюджеттен 35,8 млрд теңге қарастырылған. Қаражаттың басым бөлігі сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысын төлеуге жұмсалады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник 2 қарашада өткен брифингте мәлімдеді.
Қаражат қайда жұмсалады?
Михаил Бортниктің айтуынша, алдағы мәслихат сайлауы ауқымы жағынан Құрылтай сайлауымен шамалас. Оны өткізу үшін қосымша 3 022 округтік сайлау комиссиясы жұмысқа тартылады. Олардың құрамында 15 110 адам бар.
Жалпы бөлінген қаржының шамамен 70 пайызы, яғни 25 млрд теңгеге жуығы учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысын төлеуге бағытталады.
Сонымен қатар депутаттыққа кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарына да мемлекеттік бюджеттен қаражат қарастырылған. Оның көлемі кандидаттың қай деңгейдегі мәслихатқа түсуіне байланысты.
Атап айтқанда, облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлерге 700 мың теңгеге дейін, қалалық мәслихат кандидаттарына 650 мың теңгеге дейін, ал аудандық мәслихатқа үміткерлерге 500 мың теңгеге дейін қаражат бөлінеді.
Осылайша, 2023 жылғы сайлаумен салыстырғанда кандидаттардың үгіт-насихат шығындарын өтеуге арналған қаржы көлемі шамамен 1,5 есе артқан.
ОСК өкілі бұл өзгерісті ел экономикасындағы жағдаймен байланыстырды.
– Айырмашылық айтарлықтай. Бұл экономикада болған өзгерістерді барынша ескеріп отыр, – деді Михаил Бортник.
Бұдан бөлек, кандидаттар сайлау науқанын өткізу үшін сайлау қорларын құра алады. Партиялар үшін қордың шекті мөлшері 255 млн теңге болса, облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар үшін 25,5 млн теңге, қалалық және аудандық мәслихаттарға үміткерлер үшін шамамен 12,7 млн теңге болып белгіленген.
Бір мандатқа үш кандидаттан келеді
ОСК мәліметінше, алдағы сайлауға қатысу үшін барлығы 10 971 кандидат тіркелген. Олардың 1 219-ы 99 партиялық тізімге енгізілген. Ал 9 752 кандидат 3 113 бірмандатты сайлау округі бойынша тіркелген.
Орта есеппен бір депутаттық мандатқа үш үміткерден келеді.
Еске салайық, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашада өтеді. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 1 қараша күні сағат 18:00-де басталып, 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады. Сайлау алдындағы және сайлау күні үгіт жүргізуге тыйым салынады.