Алматыда Хэллоуиннен кейін 28 жасөспірім полицияға жеткізілді
Алматыда Хэллоуин мерекесінен кейін полиция қызметкерлері түнгі рейд жүргізіп, 28 жасөспірімді анықтады. Олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік шара қолданылды., деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға қаланың «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағында болған. Әлеуметтік желіде түнгі уақытта жастарды полиция қызметкерлерінің ұстағаны түсірілген видео тараған.
Алматы қалалық Полиция департаменті бұл әрекеттің себебін түсіндірді. Ведомствоның хабарлауынша, рейд қоғамдық тәртіпті сақтау және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған.
Тексеру барысында түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген 28 жасөспірім анықталған. Олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылыпты.
Полиция кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүруіне болмайтынын еске салды.
Ведомство ата-аналарды балаларының бос уақытын бақылап, түнгі уақытта қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.