«Қарғыс жібермейді екен»: жасы елуден асқан ер адам сырын ақтарды
Қарағанды облысының тұрғыны Амангелді Айымбетов жастық шағында жүкті болып қалған қызды тастап кеткеніне өкінетінін айтты. Оның сөзінше, сол кезде қыздың қарт әжесі өзіне ауыр қарғыс айтып, содан бері өмірінде жолы болмаған. Оның хаты әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Амангелді Айымбетовтің айтуынша, мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына түсуге дайындалу үшін бір жыл ауылда жұмыс істеуге қалған. Құрылысқа араласып, қой қырқып, кейін қыстаудағы шопанға көмекші болып барған.
Сол қыстауда шопанның әйелі, қарт анасы және Айгүл есімді қызы тұрған. Амангелді Айымбетов пен Айгүл бірге жұмыс істеп жүріп жақындасып кеткен. Алайда кейін қыздың аяғы ауыр екенін білгенде, ол үйленуден бас тартқан.
«Үйлену жоспарымда жоқ екенін айттым. Жаздың шығуына қарамастан наурыз айында қойлы ауылдан қашып кеттім. Көп ұзамай артымды шулатып кеткен әңгімем ауылға да жетті. Әкем үйленесің дегенмен мен тыңдамай үйден кеттім», – деп жазды ол.
Оның айтуынша, кейін досының үйінде жасырынып жүргенде досының анасы қыздың қарт әжесі үйіне келіп, ауыр сөздер айтқанын жеткізген. Қарт әйел немересін жүкті етіп, тастап кеткен жігітке қарғыс айтқан көрінеді. Досының анасы оған қыздың туыстарынан кешірім сұрауға кеңес бергенімен, Амангелді ол кезде бұған мән бермеген.
«Содан кейін-ақ жолым болмады»
Амангелді Айымбетов сол оқиғадан кейін өмірінде бірінен соң бірі қиындықтар басталғанын айтады. Алғашқы жылы оқуға түсе алмай, кейін құрылысқа жұмысқа орналасқан. Келесі жылы ғана жоғары оқу орнына түскен.
Оның сөзінше, жұмысқа орналасуда да кедергілер кездесіп, жеке өмірінде де ойлағаны болмаған. Алғашқы некесі сегіз жылдан кейін ажырасумен аяқталған. Екінші рет отбасын құрғанымен, жұбайымен бірге бала сүйе алмаған.
«Қазір жасым елуден асты. Бала сүюден күдерімді үзгем. Баяғы қарт әженің қарғысы жиі еске түседі. Талай медициналық орталықтарды жағаладым. Менің де, жұбайымның да денсаулығынан еш кінәрат таппады», – дейді ол.
Автордың айтуынша, кейін Айгүлдің түсік тастағанын естіген. Ал оның қазіргі жұбайы бала сүйе алмайтынын мойындап, сіңлісінің қызын асырап алған.
Амангелді Айымбетов әкесінің де бұл әрекетін өмір бойы кешіре алмағанын айтады. Кейін анасының алдында кешірім сұрағанымен, өткенді өзгерту мүмкін емес екенін түсінген.
Ол бүгінде жастық шағында жасаған әрекетіне қатты өкінетінін айтып, өзгелерді біреудің көңіліне қаяу түсірмеуге және жөнсіз қарғыс алмауға шақырды.